«Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыштары Республикалық санитариялық авиация орталығымен бірлесіп бір айда 50- дан аса науқасқа көмек көрсетті

P1060808

«Қазавиақұтқару» АҚ мен Республикалық санитарлық авиация жедел медициналық жәрдемді қажет ететін шалғай елді-мекендер мен аудан орталықтарынан науқастарды тасымалдап, өмірлеріне араша болу жолындағы бірлескен жұмыстарын жемісті атқаруда. Қарашаның 27-де Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан  ауыр халде өмірге келген  екі нәресте  «Қазавиақұтқару» АҚ Еврокоптер ЕС – 145 тікұшағымен облыс орталығындағы перинаталдық орталыққа жедел жеткізілді. Осының арқасында қос сәби өмірлік маңызы бар медициналық құрылғыларға қосылды. 28 қарашада Қармақшы – Қызылорда, сондай-ақ Жаңақорған Қызылорда бағытында қос ұшу сапары жүзеге асырылып,  өздігінен тыныс ала алмайтын балалар Қызылорда қаласындағы аурухана жеткізілді. Дәл осы күні  пульмонолог мамандар  Астанадан Көкшетауға тікұшақпен қатынып,  екі баланың науқасы бойынша консультация беріп, ем-шаралар жүргізіп қайтты. Ұшу сапарлары келесі күндері  Боралдай- Жаркент, Қармақшы- Қызылорда, Боралдай- Кербұлақ бағытында жалғасып, науқастарды жедел тасымалдау жүзеге асырылды. Желтоқсан айының 10-ына дейін 9 ұшу сапары орындалды. Солардың бірінде, нақты айтар болсақ, 6 желтоқсан күні Талдықорған-Үшарал тасжолында жол апатына ұшыраған екі адам Алматыға жеткізілді.  Шалғай елді-мекендерден шала немесе науқаспен дүниеге келген балаларды жедел ауруханаларға жеткізуге байланысты тапсырыстар өте көп. Мәселен, желтоқсанның 15-і Павлодардан Көкшетауға жаңа туған нәресте, Кегеннен Алматыға жаңа туған шақалақ пен 4 жасар ауыр халдегі қыз бала перзентхана мен ауруханаға жеткізілді. Жалпы, желтоқсан айында барлығы 25 санитарлық авиациялық ұшу сапары орындалды. Бұл өз кезегінде 50 –дан аса науқастың өмірін арашалап қалуға айтарлықтай септігін тигізгені анық.  «Қазавиақұтқару» АҚ мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Республикалық санитариялық авиация орталығымен бірлесіп халыққа авиациялық көмек көрсету шараларын жалғастыра береді.

ҚР ІІМ ТЖ комитеті «Қазавиақұтқару» АҚ баспасөз қызметі 

Comments are closed.