ШҚО Зайсан ауданында «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы өртті сөндіруге жұмылдырылды
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, Біржан ауылдық округіне қарасты Шұбырағаш учаскесінде қамыс пен құрғақ шөптің жануы орын алды. Өрт ошағы батпақты, ашық және қол жетуі қиын жерде орналасқан, бұл жердегі өртті сөндіруді қиындатуда.
ҚР ТЖМ тапсырмасы бойынша өртті сөндіруге авиация тартылды. «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесі өрт аймағына 12 құтқарушы мен қажетті өрт сөндіру құрал-жабдықтарын жеткізді. Авиацияны пайдалану жағдайды әуеден барлап, өрт ошақтарын тиімді жоюға және қиын жерлерге жедел жетуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта әуе кемелерімен жалпы көлемі 30 тоннадан асатын 11 су төгу циклі орындалды.
Секундына 19–20 метрге дейін жететін жел өртті сөндіру жұмыстарын күрделендіріп отыр. Дегенмен, өртті оқшаулау жұмыстары жалғасуда.
Ұшуды әуе кемесінің командирі Базаров Е. және Есимханов Ч. басқарып отыр.
«Қазавиақұтқару» АҚ еліміздің кез келген нүктесінде құтқару операцияларының мобильділігі мен жеделдігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларда авиациялық қолдауды табысты жалғастыруда.