Көк аспан түсті туымыз қол ұшын беруге әзір

DSC_0165

4 маусымда еліміз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін кеңінен атап өтетін болады. Қазақстандық ғалымдар, спортшылар, әртістер мен сазгерлер және басқа да танымал азаматтарымыз халықаралық сахнада лайықты түрде өнерлерін көрсете отырып, рәміздерімізді барша әлемге таныту үстінде. Ғылым, спорт және мәдениет салаларындағы жетістіктерден басқа, біздің көк туымыз «үміт» пен «құтқару», «жәрдем» мен «қолдау» деген терең мағыналы сөздермен ұштасып отыр.

Заманауи әлемде бірде-бір мемлекет төтенше жағдайлар қатерінен сақтандырылмаған. Бірнеше мемлекеттің аумағына жайылатын табиғи және техногендік сипаттағы апаттар жиі орын ала бастады. Сол себепті төтенше жағдайларға төтеп беру ісінде бір-бірімізге көмек көрсетуіміз аса маңызды. Борт үстіне көк аспан түсті туымыздың бейнесі салынған «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының әуе кемелері төтенше жағдайларды жою кезінде талай рет көмекке келген болатын. Осындай оқиғалардың бірі өткен жылдың тамыз айында Қырғыз Республикасында болған.

2015 жылғы 13 тамыз күні шамамен сағат 16:00-де Бішкек-Ош тас жолының 251 шақырымында Чычкан шатқалынан өрт шықты. 500-ге жуық адам өртпен бірнеше күн бойы аянбай күрескенімен, қатты желдің кесірінен және шатқал ішінде өрт сөндіру техникасын қолдануға мүмкіндік болмағандықтан, өрт сөндіру жұмыстары еш нәтиже әкелген жоқ.

19 тамызда жағдайдың өршуіне байланысты Чычкан шатқалындағы экожүйенің жойылу қаупіне орай Қырғыз Республикасының Үкіметі өрт сөндіру үшін көршілес елдерден көмек сұрауға мәжбүр болды. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің басшылығы қырғыз халқына өрт сөндіруге көмектесу үшін «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының әлемдегі ең ірі «Ми-26Т» тікұшағын жөнелту туралы шешім қабылдаған болатын. 20 тамыз күні сыртына көк түсті туымыздың бейнесі салынған әуе кемесі өрт шыққан аймаққа ұшып келді.

Жағдайды жедел бағалап, «Қазавиақұтқару» жасағы дәл сол күні сағат 17:50-де Чычкан шатқалына су шашуды бастады. Төрт айналымның нәтижесінде өрт ошақтарына 20 тоннадан астам су шашылған. Келесі күні таулы аймақ пен жоғары температура жағдайында тікұшақ 11 айналым жасап, 90 тоннадан астам су шашыратты. 22 тамызда «Ми-26Т» тікұшағының экипажы 2 айналым ішінде 16 тонна су шашылды. Сөйтіп жер үсті және әуе күштерінің бірлескен әрекеттерімен тілсіз жау ауыздықталды. Осылайша Чычкан шатқалының табиғаты толық жойылудан құтқарылып, қарапайым қырғызстандықтардың баспаналары қауіп-қатерден аман қалды.

Көк түсті туымыздың бейнесі салынған «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері Қазақстан Республикасы халқының игілігі үшін төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою жөніндегі операцияларды іске асыруды жалғастыратын болады. Осылайша Қазақстан туы апатқа ұшыраған адамдар үшін үміт, жәрдем, қолдау мен құтқарудың нышаны болып табылатын болады.

Comments are closed.