«Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Алматы іргесіндегі биік таулы көлдерге сусорғыш қондырғыларын жеткізді

jamp_9

Алматы қаласының ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, синоптиктер ағымдағы  жылдың  жазғы кезеңіне болжалаған температура мен сәуір айында тауларда жауған үлкен көлемдегі қардың еруі мореналық көлдердің уақыттан бұрын толуына әкеліп соғады.

Алдын алу іс-шаралары шеңберінде Ақсай, Үлкен Алматы мен Кіші Алматы өзендерінің бастауында орналасқан бірнеше тұрақсыз көлдердің суын тез арада толығымен ағызып жіберу жөнінде шешім қабылданған болатын.

Осы мақсатта «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі әзірлеген, өнімділігі жоғары қалқымалы сусорғыш қондырғысын қолдану туралы шешім қабылданды. Осындай сусорғыш судың деңгейін 15 күн ішінде қауіпсіз деңгейге дейін түсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қаланың коммуналдық қызметтері тарапынан «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қарамағына өнімділігі жоғары 7 сусорғыш қондырғысы берілді.

Қалқымалы салдарға орнатылған сусорғыш құрылғыларын жеткізу үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының Ка-32А11В тікұшағы қатыстырылды.

Биік тауда және жетуге жолы қиын аумақта орналасқан көлдердің жағасына понтондарды жеткізу жөніндегі күрделі операция ойдағыдай орындалды. №№ 4, 8 және 1 көлдерге екі сусорғыштан және №13 көлге бір сусорғыш жеткізілді. Тағы екі қалқымалы қондырғы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Үлкен Алматы шатқалындағы базасында орнатылып жатыр.

Сорғыштарды жеткізуден басқа, «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары Алматы мен Алматы облысындағы суқоймаларға жүйелі мониторинг жүргізіп отырады. Қабылданып отырған шаралар мореналық көлдердегі судың деңгейін көлдер мұздықтардан келетін сумен толғанға дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Comments are closed.