«Қазавиақұтқару» АҚ-да әдеби кеші өтті
Республика күніне орай «Қазавиақұтқару» АҚ-да «Әуезов әлемі: Ұлылар үндестігі» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасын дәріптеу, ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыру, сондай-ақ олардың шығармалары арқылы Отанға, туған тіл мен ұлтқа деген сүйіспеншілікті насихаттау.
Әдеби кеш барысында ұлы тұлғалардың шығармаларындағы елге деген адалдық, ұлттық құндылықтар мен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптарына ерекше назар аударылды. Олардың рухани мұрасы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ана тілін құрметтеуге, ұлттық мәдениетті қадірлеуге және ел игілігі жолында адал қызмет етуге үндейтіні атап өтілді.
Кеш аясында Айбек Сагитов Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін гитараның сүйемелдеуімен орындап, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің шығармаларынан көрме ұйымдастырылып, қызметкерлерге Абайдың қара сөздері жинақталған кітапшалар таратылды.
Әдеби кеш ұлттық әдебиет пен мәдени мұраны дәріптеп қана қоймай, ұлы тұлғалардың шығармашылығы арқылы жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, туған тіл мен ұлтқа деген құрметті арттыруға және елге қызмет ету құндылығын насихаттауға бағытталды.