28.10.2025

Қазавиақұтқару экипажы ұшақпен санитарлық рейсті сәтті орындады

«Қазавиаспас» авиациялық қызметінің экипажы Ақтөбе – Астана бағыты бойынша санитарлық рейс орындап, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен науқасты тасымалдады.

Бұл тапсырманы орындау үшін заманауи L-410NG ұшағы пайдаланылды.

Әуе кемесі санитарлық және эвакуациялық рейстерге арналған барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген:

медициналық модульмен;

науқастың өмірлік көрсеткіштерін бақылау жүйесімен;

оттектік қолдау және шұғыл медициналық көмек көрсету құралдарымен.

  Ұшу барысында науқастың жағдайын кәсіби медициналық бригада бақылап отырды.

Рейсті келесі құрамдағы экипаж орындады: Әуе кемесінің командирі - Ильгар Шәріпов, Екінші ұшқыш - Байғали Бекқұла.

Екі ұшқыштың да санитарлық және іздестіру-құтқару авиациясы аясындағы арнайы тапсырмаларды, соның ішінде қолайсыз ауа райы жағдайларында және түнгі уақытта ұшуларды орындауда үлкен тәжірибесі бар.

Әуе кемесінің командирі Ильгар Шәріпов мұндай операциялардың экипаждан ерекше дайындық пен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті:

«Ұшу жоспарға сай, қалыпты режимде өтті. Ауа райы қолайлы болды, бұл тапсырманың уақытылы орындалуына мүмкіндік берді. Экипаж үйлесімді және кәсіби түрде әрекет етті. Іс-қимылдардың нақты үйлесімділігінің арқасында тасымалдау жедел орындалды. Науқас уақытында жеткізілді».

Экипаж бен медициналық бригаданың кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында тасымалдау сәтті әрі қауіпсіз өтті. Науқас Астанаға жеткізіліп, мамандардың бақылауында емін жалғастыруда.

  Еске сала кетейік, 23 қазан күні Ақтөбе облысы Белқопа ауылына жақын Самара – Шымкент автожолында жүк көлігі мен жолаушылар микроавтобусының қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Зардап шеккендердің бірі астанадағы емдеу мекемесіне шұғыл жеткізуді қажет етті.