12.05.2026

Ғұмырын авиацияға арнаған кәсіби ұшқыш

Тилеген Уналбаев – әуедегі құтқару ісінің шебері

«Қазавиақұтқару» АҚ ұжымында ел игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген білікті мамандардың бірі – Тилеген Уналбаев Магзомович. Ол 1974 жылғы 3 қаңтарда Атырау қаласында дүниеге келген.

Тилеген Уналбаев 2009 жылдан бастап «Қазавиақұтқару» АҚ құрамында қызмет атқарып келеді. Авиация саласындағы кәсіби жолын 1994 жылы Краснокутск азаматтық авиация ұшу училищесінде бастап, «Ұшақтарды ұшу пайдалану» мамандығын меңгерді. 1999 жылы Т. Бегелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесін «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін Санкт-Петербург авиациялық оқу орталығында Ка-32А11ВС тікұшағына қайта даярлаудан өтті.

Ол еліміздегі алғашқы ЕС-145 тікұшағын меңгерген мамандардың қатарында. Сонымен қатар Ми-171, Ми-26Т және Н-130 тікұшақтарының жаңа үлгілері бойынша біліктілігін арттырды. Қазіргі таңда ЕС-145 әуе кемесінің командирі.

Тилеген Уналбаев Каспий өңірінің күрделі метеорологиялық жағдайларында апатқа ұшыраған азаматтарды құтқару, санитарлық авиация арқылы науқастарды тасымалдау, дала өрттерін сөндіру, су басу аймақтарынан халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек жеткізу секілді маңызды операцияларға белсенді қатысып келеді.

Кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін ол ҚР ТЖМ тарапынан бірнеше рет ведомстволық наградалармен марапатталған. Әріптестері арасында сыйлы, отбасында ардақты жар әрі көпбалалы әке ретінде танылған.