ТЖМ делегациясы Германиядағы Airbus Helicopters зауытында Eurocopter H-145 тікұшағын аралық тексеруді сәтті өткізді 18.11.2021

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевпен, «Қазавиақұтқару» АҚ Бас директоры Болат Абайділдиновпен және «Қазавиақұтқару» АҚ инженерлік-авиациялық құрамының қызметкерлерімен бірге делегация жұмыс сапарымен Донауверт қаласындағы (Германия) Eurocopter тікұшақтарын өндіру жөніндегі Airbus Helicopters зауытына барып, және оның шеңберінде Eurocopter H-145 тікұшағының аралық тексеруі өтті. Бүгінгі таңда әуе кемесінің дайындығы 90% құрайды. Соңғы қабылдау 2022 жылдың 1 тоқсанында жоспарланған.

H-145 Eurocopter бес қалақты тікұшағы ТЖМ орындайтын тапсырмаларды ескере отырып құрылған және жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, табиғи апаттар мен табиғи катаклизмдер аймақтарындағы апаттық-құтқару жұмыстары, ормандарды қорғау, өрт сөндіру, сондай-ақ ел халқына санитариялық авиация қызметтерін көрсету үшін бейімделген.

Airbus Helicopters зауытында «Қазавиақұтқару» АҚ ТЖМ авиациялық құтқару бөлімшесінің және Airbus Helicopters қызметіне қатысты бірқатар мәселелер, сондай-ақ таяу жылдардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Делегаттар зауыттың өндірістік мүмкіндіктерін және H-145 тікұшақтарын құрастыру желісін тексерді.

Әуе кемелеріне жаңа H-145 жеткізу шеңберінде маршрутты жоспарлауға, регламенттік жұмыстардың орындалуын бақылауға, ұшу уақытының атқарымын есепке алуға арналған Fleet Keeper әуе кемесін бақылау жөніндегі бірегей жүйе (қағаз техникалық борт журналын алмастырады) қоса берілетінін атап өткен жөн.

Қазақстандық ұшқыш-нұсқаушыларды және инженерлік-авиациялық қызмет мамандарын даярлау мәселелері қарастырылған авиациялық оқу орталығына да барды. Ағымдағы жылы инженерлік-авиациялық қызметтің 2 маманы Airbus Helicopters зауытына жіберілетін болады. Ұшқыш-нұсқаушылар келесі жылдан бастап дайындықтан өтеді.

Бүгінгі күні «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелеріне инженерлік-авиациялық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне шығады, бұл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық құтқару бөлімшесінің кәсіби қызметін растайды.

«Қазавиақұтқару» АҚ даму бағдарламасын іске асыруда Қазақстан Республикасы Үкіметінің белсенді қолдауымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі 2022-2023 жылдары тағы үш H-145 (2 бірлік) және H-130 (1 бірлік) типті Eurocopter тікұшақтарын жеткізуді күтуде, және жалпы 2029 жылға дейін H-145 типті тағы 13 тікұшақ сатып алу жоспарланған.

ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ баспасөз қызметі