"Қазавиақұтқару" акционерлік қоғамының құрылу және даму тарихы
Қазіргі уақытта жиілеп кеткен табиғи дүлей апаттар, техногендік авариялар уақытылы және тиісті түрде әрекет ету қажеттілігін талап етеді.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазавиақұтқару» АҚ құрылды. Ол төтенше оқиғаларға жедел және тиімді әрекет жасауға мүмкіндік береді.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының тарихы 2002 жылдан басталады. 2002 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрамында авиациялық бөлімше ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2002 жылғы 26 тамыздағы №638 бұйрығымен «Өрт сөндіруші» РМК құрамында «Қазақ өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің авиациялық қызметі» жаңа авиациялық бөлімшесі ашылды.
2005 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №53 қаулысымен «Қазавиақұтқару» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ол 2011 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығына сәйкес, жарғылық капиталға 100% мемлекеттің қатысуымен «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
Акционерлік қоғам қызметінің негізгі мәні төтенше жағдайлардың алдын алу және жою және азаматтық авиация саласындағы басқа да шаруашылық қызметті жүзеге асыру саласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне авиациялық қызмет көрсету болып табылады.
ҚР ТЖМ әуе кемелері төтенше жағдайлар аймақтарына гуманитарлық жүктерді, құтқару жасақтарын және арнайы техниканы жеткізу бойынша ұшуларды орындайды. Сонымен қатар, ТЖМ авиациясы авиациялық барлау жүргізу және су тасқыны мен мұз жағдайын бағалау мақсатында, Алматы қаласының су тасқындары мен тау бөктерлері аймақтарын аралап ұшу үшін тартылады, ТЖ кейін қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз етеді, апатқа ұшыраған балықшыларды құтқаруға, дала және орман өрттерін сөндіруге қатысады.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының ұшақтарымен шетел мемлекеттеріне гуманитарлық жүктер Пәкістанға және Жапонияға 150 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді. Сонымен қатар, қазақстандық туристерді Отанына жеткізу мақсатында, Түркияға бірнеше рейс орындалды.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша ҚР ТЖМ қызметінде аса маңызды орын алады. Мысалы, Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ірі су тасқындары кезінде ұшқыш-құтқарушылар адамдарды су басқан жерлерден көшіріп, бірнеше мың адамның өмірін құтқарып қалды.
Бұдан басқа, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысады.
Авиациялық паркін жаңарту жалғасуда. Қазіргі таңда ол төтенше жағдайларда медициналық көмек көрсету және зардап шеккендерді құтқаруға арналған заманауи мамандандырылған авиациялық техникамен толықтырылуда.
Қазір «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының авиапаркінде :
Ми-171, Ми-8Т, Ми-8МТВ, Ми-8АМТ, Ми-26 тікұшақтары (2 дана), заманауи медициналық молульдермен жабдықталған Eurocopter ЕС-145 тікұшақтары (18 дана), сондай-ақ, SIMPLEX өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған Ка-32А11ВС (2 дана) бар.